Алматы аулаларындағы тазалық сын көтермейді. Экологтар білек сыбанып тексеріске шыққан. Тілегендері алдарынан іздемей-ақ табылды. Әуезов ауданындағы күл-қоқысқа бөккен бірнеше лас ауланы анықтады. Жұмысына жүрдім-бардым қараған тұрғын үй кооператив иелеріне ескерту жасалды. Мүлдем жүгенсіз кеткендеріне айыппұл салынды.

Жаз басталғалы 3 рет, жыл басынан бері 5 рет айыппұл арқаласа да «Верный» пәтер иелері кооперативі міз бақпай отыр. Әуезов ауданына қарасты №1 ықшам ауданның сиқы бұл. Мұндағы шіріген бұтақ пен босаған бөтелкеден және қап-қап боп үйіліп жатқан қоқыстан аяқ алып жүру мүмкін емес. Тіпті, кей пысықай тұрғындар баспана артын тормен қоршап, жекеменшік балалар алаңын жасап алыпты. Ең сорақысы, ағаштарға темір байлап, кір жаятын ілгіш жасап қойғандары бар. Мұндай бассыздықтарға экологтар көз жұма қарай алмады. Аулаға жауапты «Верный» пәтер иелері кооперативінің төрайымын шақыртып, жауапқа алды. Жұмысына салғырттығы үшін жыл басынан бері 5 рет айыппұл арқалаған олар лас ауланы мұнтаздай деуден жалықпады.

«Ауламыздың бәрін қолымыздан келгенше, мұнтаздай етіп тазаладық. Тек мына үйдің арты ғана ескерусіз қалыпты. Күз жаңадан басталды ғой, осы сенбіде сенбілік жасаймыз. Барлығын тазалап, қалыпқа келтіреміз»,- деді «Верный» ПИК төрайымы Наталья ФИРИЧЕНКО.

Тазалық сақшылары «Верный» пәтер иелері кооперативінің төрайымына ауланы қураған жапырақ пен ағаштардан аршып, күл-қоқыстан тазартуға 1 күн уақыт берді. Электр бағандарына кедергі келтірген ағаштарды кесіп, жинамай сол жерге тастап кеткендерде жазасыз қалмады.

«Осыдан 3 ай бұрын өздерінің мына линияның астындағы кесілген ағаштарды кесіп тастаған болатын. 3 айдан бері бірнеше рет айтылғанмен, осы тастаған ағаштар алынған жоқ. Енді оларға 20 айлық көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады 2 күн уақыт берілді, 2 күннің ішінде осы тастаған ағаштарды, кесілген ағаштарды тазалайды»,- деді Қоршаған ортаны қорғау және экология бөлімінің басшысы Алмасбек СӘТТІБАЕВ.

Тазалық сақшылары Әуезов ауданындағы тағы бір лас ауланы анықтады. «Ақсай-1» ықшам ауданының салақ тұрғындары қоқыстарын ойына түскен жерге тастап, жүрдім-бардым кете береді екен.

Тұрғындар жақын маңда тұрған қоқыс жәшігіне баруға ерініп, қолындағы қоқысын жол бойына тастап кете барады екен. Тіпті, бір тұрғын әдеттегідей осы араға қоқысын лақтыруға бет алды, алайды камерадан жасқанып әрі кетті. Тазалық сақшылары табиғатты қорғау полициясымен бірге осындай жауапсыз тұрғындар мен аулаларын лас ұстап, жұмысына салғырт қараған пәтер иелері кооперативтерімен талмай алысып келеді. Нәтижесінде Алматы қаласы бойынша 234 хаттама толтырылып, 9 млн 730 мың теңгеге айыппұл салынған. Оның ішінде Әуезов ауданының пәтер иелері кооперативтеріне 35 хаттама толтырылыпты. Олар 641 мың теңге айыппұл арқалаған.

Айдана Мейрамбайқызы, Рашит Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы