Алматыда жаңа 5 туристік бағыт ашылды. Медеуден бастау алатын жаяу жүргіншілер соқпағы Алатаудың бес нүктесіне жетелейді. Жаңа бағытпен жүзге жуық ерікті жүріп өтіп, қауіпсіздігін тексерді. Айтуларынша, бұл кез келген жастағы демалушыны бағындыра алатын оңай соқпақтар. Табиғатты аялауға арналған шарада әдеттегідей ағаш отырғызылды.

Медеу мұз айдынында өткен кезекті "Парктер шеруі" шарасына келген алматылықтар мен қала қонақтарының қарасы көп. Табиғат аясы думанға толды. Жиналғандар арасында викторина сайысы өтіп, сыйлықтар табысталды. Шара аясында ұйымдастырылған веложарысқа 300-ге жуық шабандоз қатысты. Алғашқы үштікке арнайы сертификат пен бағалы сыйлық табысталды. Өз арасында үздік атанған Нияз Жанұзақов қос дөңгелекті көлікті жарты жылдан бері серік еткен. Бұл жеңісі - алғашқы нәтижесі.

"Медеуге велосипедпен көтерілу өте қиын. Мұнда жай ғана келіп қайтудың өзі спорт. Таза таулы ауа - Алматының бірден-бір артықшылығы. Осындай байлықты аялау үшін тұрғындар айналаны, ауаны ластамай, аптасына бір рет велосипедпен жүрсе жақсы болар еді",- деді Нияз ЖАНҰЗАҚОВ.

Парктер шеруі аясында 100 ерікті Алатаудың баурайына апаратын бес түрлі бағытты ашты. Олар:  Медеуден Мыңжылқыға, Бутаковкаға, Кімасарға, Гарельникке және Медеуден  Шымбұлаққа апарар жүргінші жолдары. Бағыттың бір артықшылығы - бұл соқпақтар кезкелген тұрғын бағындыра алатын, қауіпсіз жол.

"Күнделікті парк қызметкерлері тазалық жұмыстарын жүргізіп, демалыс орталықтарын тазалағанмен, ертесі күні тура сондай қоқыс шығады. Айтайын дегеніміз, таза болатын жер - таза жиналатын жер емес, таза болатын жер - тазалықты сақтайтын жер",- деді "Медеу" мемлекеттік өңірлік табиғи паркі директорының орынбасары Самғат ЕРМЕКБАЕВ.

Шара барысында кәсіби спортшылар жарға өрмелеу шеберліктерін көрсетіп, өзара үздіктерін анықтады. Еріктілер болса, 300 түп көшет отырғызып, аумақты қоқыстан тазартты. Жалпы көктем басталғалы бері "Медеу" табиғи паркінде 2 мыңнан аса көшет отырғызылған.

Аршын Кемелжан, Қанат Кигизбаев, "Алматы" телеарнасы