Мохнатка тауының баурайына Шренка шыршасының 50 мың түп көшеті отырғызылды

Алматыда Jasyl Almaty кең ауқымды акциясы басталды

Түкті тауының баурайында ұйымдастырылған экологиялық шараны қала әкімі Бақытжан Сағынтаев бастап берді. Мұнда қылқан жапырақты ағаштардың 50 мыңға жуық көшеті отырғызылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

2011 жылы қатты дауыл салдарынан Түкті тауындағы 480 гектар аумақта өсіп тұрған жүздеген мың ағаш құлаған болатын. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін мұнда жыл сайын көшеттерді отырғызу дәстүрге айналды. Экологиялық акция аясында бұл жолы 50 мыңға жуық Шренка шыршасының көшеті егілді.  

Бақытжан Сағынтаев аталған шараның қала экологиясын жақсарту мен табиғи тепе-теңдікті сақтау үшін қажет екендігіне тоқталды. Жастардың бойында экологиялық мәдениетті қалыптастыра отырып, қоршаған ортаны таза ұстауға баулимыз деді. Оның айтуынша, кез-келген алматылық өз ауласында немесе қалалық саябақта бір ағаш отырғызу арқылы қалаға деген сүйіспеншілігі мен құрметін көрсете алады.

«Бүгін Көктөбенің етегінде бүкіл ел болып көгалдандырып, әдемі көк аршалардан тал егіп жатырмыз. Мұның бәрі келешек үшін Алматы қаласының экологиясын жақсартуға өте пайдалы", – деді ҚР Халық әртісі, композитор Алтынбек ҚОРАЗБАЕВ.

«Жасыл Алматы - Орман ек» экоакциясын қолдап біз де келіп қалдық. Шашбауын көтеріп, әрқашан қолдауға дайынбыз ел игілігі үшін қызмет жэасауға», – деді  ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші Сәкен МАЙҒАЗИЕВ.

Шараға 500-ден астам адам қатысты. Олардың ішінде мәдениет қайраткерлері, студенттер, еріктілер және Іле Алатауы ұлттық паркінің қызметкерлері бар. Бұған дейін қала әкімінің тапсырмасына сәйкес Алматыны көгалдандыру бойынша ауқымды жоба жасалған болатын. Алдағы үш жылдың ішінде миллион ағаш отырғызу жоспарланған. Мамандардың айтуынша, қалада 2 миллионнан астам ағаш бар. Бірақ 500 мыңға жуығы апаттық немесе ауру ағаштар. Жаңа Алматыны, оның ішінде Алатау және Наурызбай аудандарындағы ықшамаудандарды көгалдандыруға ерекше назар аударылмақ.

Азамат Әуезхан, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы