Жақында «Медеу» табиғи паркінің спорт алаңында №125 мектеп оқушылары арасында ҚР Конституциясының 20 жылдығына арнал­ған спартакиада өтті.

Ата Заңымыздың төл мерекесіне арналған спорттық сайыста 6-7-сынып оқушыларынан құралған «Барыс» және «Арыстан» топтары өзара бақ сынасты. Жарыста жылдам жүгіру, алысқа секіру, асық ойнау, арқан тарту, шар үрлеу, доп ойнау, қол күрестіру бойынша күш сынасқан топтарға жанкүйерлер қызу қолдау білдірді. Ал, білім ордасының «Жарқынай» би ансамблінің мың бұралған бишілері өз өнерлерімен сайыстың сәнін кіргізді. Табиғат аясындағы таза ауада өткен бұл ізгі шара жарысқа қуана қатысқан оқушылардың ерекше есінде қалды. Сонымен қатар, спартакиадаға оқушылардың ата-аналары да белсене қатысты.

– Конституция ұлттар бірлігі мен Қазақстан халқының еркін өмір сүруінің кепілі. Ата Заңымызды ардақтау – келешекке керуен тартқан мемлекетіміздегі әрбір азаматтың асыл парызы. Қазіргі таңда шаңырағымызда бірлігі жарасқан отыз ұлттың балалары білім алады. Биылғы Ата Заңымыздың 20 жылдық мерейлі мерекесіне орай мектебімізде қызықты байқаулар, спорттық сайыстар, кездесулер мен дөңгелек үстелдер өткізіп, оқушыларға Конституцияның маңызын түсіндірудеміз. Сондай-ақ, балалар театрлар мен мұра­жайларға барып, еліміздің өнерімен, тарихымен жақын танысуда, – деді, №125 мектеп директоры Калима Яхьярова.

Денсаулыққа пайдасы мол спорттық шара  бары­сында келешекте еліміздің тұтқасын ұстайтын жас ұрпақ та бұл мерекенің тарихи маңыздылығын атап өтті. Жарыс соңында жеңіс туын желбіреткен жеңім­паздар алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен  мара­патталды.