«Алматының 1000 жылдығына 1000 қайырымды іс» шарасының аясында сенбі күні «Медеу» паркінде осы жылдың бірінші сенбілігі болды. 150-ден аса адам қатысқан тазалық шарасында парк аумағы­нан қалалық полигонға 30 тек­шеметр көлемінде тұрмыстық қатты қалдықтар мен қураған ағаш қалдықтары шығарылды.

Сенбілікке «Медеу» паркінің қыз­меткерлері, «Жасыл ел» белсенділері, Қазақ Ұлттық аграрлық университеті мен «Тұран» университетінің студенттері қатысып, ерекше белсенділік танытты.

Тазалық шарасына қажеті құрал-жабдықтармен түгелдей қамтылған тазалық сақшылары «Медеу» паркінің аумағын, «Кіші Алматы» өзені бойындағы «Медеу» паркінің жоғарғы және төменгі шека­расына дейінгі 120 гектар жерден қураған ағаштарды жинастырып, 5 туристік дем­алыс аймағын тұрмыстық қалдық­тардан тазартты.

«Медеу» паркі аумағындағы бұл сен­білік шарасы енді апта сайын жүргізілетін болды.