16062014-1Медеу ауданында «Таза бейсенбі» шарасы өтті

Осы айдың бас кезінде халық­аралық Экология күнінде бастау алған «Тазалық айлығы» барысында қала­дағы саябақтар, гүлзарлар, көше арық­тары мен өзен жағалау­ларына аудан әкімдіктерінің ұйытқы болуымен бірнеше рет сенбіліктер ұйымдас­тырылды. Әсіресе, қоршаған ортаны қоқыс қалдықтарынан арылтуда Медеу ауданы эколог­тарының іс-қимылдары ширақ көрінуде.

Екі-үш апта бұрын «Думан» ықшам­ауданындағы Тіксай өзені аңғарындағы тазалық шаралары мен Медеу паркі аумағындағы рейд барысы туралы жазған едік. Өткен аптаның бейсенбісінде кіші Алматы өзені сағаларына тазалау жұмыстары одан әрі жалғасты. Тазалық «бейсен­бісіне» аудандағы «Достық» мердігер компаниясының жұмысшы­лары мен өзен ернеуіне жақын орналасқан шағын кәсіпкерлік нысандары қатыс­ты. Атап айтқанда, «Алтынай» кафе­сінің, «Геометрия» ТЖО қызметкерлері мен шағын дүкендердің сатушы өкілдері Республика сарайы тұсынан төменге қарай Төле би көшесіне дейінгі қашықтықта 5 текше метр қоқыс қалдықтарын жинады.

– Мұндай экологияны сауықтыру шараларын күнара ұйымдастырып отырамыз. Қазір қала жұрты бұл сауап­ты іске де үйреніп қалды. Сенбі­лік өтетін тұстағы офис, дүкен, тағы басқа нысандардан тұрғындар, қыз­меткерлер өз еріктерімен шығатын жағдайға жетті. Сондай-ақ, Медеу паркі аумағына да сенбі, жексенбі күндері тұрақты түрде рейдке шығамыз. АІІБ, ТЖБ өкілдері де атсалысып жасыл-желекке, тылсым табиғатқа зиян келтірген демалушыларды тәр­тіпке шақырып отырады. Белгіленген заңнама аясында бұл сенбіде 2 АЕК мөлшерінде айып салынса, 28 адамға ескерту беріліп, хаттама толтырылды. Көпшілігі қоқыс қалдықтарын қалдырып, рұқсат етілмеген жерде от жаққан, тамақ-су әзірлеген. Ал бұл әрекеттер қазіргі маусымда тым қауіпті.

Расында да, бүгінгі күні тексеруші құзырлы орган өкілдерінің аса сақтық амалдарын жасағандары жөн. Алдын алу шаралары тұрақты жүрмесе, қауіп­сіздікті ескермесек, кейін кеш болуы мүмкін. Қазір байқасаңыз, тек демалыс күндері ғана емес, аптаның жұмыс күндерінде де саябақтардағы бей-берекет «серуен-тойларды» ілуде бір болса да ұшыратуға болады. Шілденің шіліңгірі әлі алда екендігін есімізден шығармайық.