«Медеу» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі» КММ Алматы қаласының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты мекеме болып табылады және Алматы қаласы әкімінің 2001 жылғы 10 желтоқсандағы № 3/332 қаулысы негізінде құрылған.
Парк құрамына Кіші Алматы шатқалында орналасқан Медеу, Шымбұлақ және Бутаковка шатқалдары кіреді. Парктің жалпы аумағы 704 гектарды құрайды.
Парк аумағы теңіз деңгейінен 1267–2250 метр биіктікте орналасқан және таулы жер бедерінің алуан түрлілігімен ерекшеленеді. Мұнда өзен аңғарлары, жайылмалар, террасалар мен тік тау беткейлері орналасқан, бұл аумақтың бірегей табиғи ландшафтын қалыптастырады.
Аумақты қорғау
Қазақстан Республикасының «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Заңына сәйкес парк инспекторлары күн сайын №1 және №2 экобекеттерде аумақты күзету жұмыстарын жүргізеді. Қызметті ұйымдастыру мақсатында ай сайын кезекшілік кестесі бекітіледі.
№1 экобекет
Инспекторлар күн сайын:
- аумақты патрульдейді;
- келушілермен түсіндіру жұмыстарын жүргізеді;
- табиғат қорғау заңнамасының сақталуын бақылайды;
- аумақты санитарлық тазалау және абаттандыру жұмыстарын жүргізеді;
- жасыл желектерге түгендеу жүргізеді;
- өрт қауіпсіздігі бойынша профилактикалық жұмыстарды атқарады;
- полиция қызметкерлерімен бірлескен рейдтер өткізеді;
- ақпараттық стендтерді жаңартады;
- жол белгілерін күтіп ұстайды;
- қоғамдық аймақтарды абаттандырады;
- «Алматы Тазалық» ШЖҚ МКК-мен бірлесіп қураған ағаштарды тазалайды;
- қыс мезгілінде қар мен мұзды тазартады.
Патрульдеу барысында инспекторлар келушілердің тәртіпті сақтауын, тазалықты, өрт қауіпсіздігі талаптарын және өзен-көлдер маңындағы қауіпсіздік ережелерін бақылауда ұстайды.
№2 экобекет
Инспекторлар Шымбұлақ шатқалының ерекше қорғалатын табиғи аумағына кіретін көлік құралдарын тәулік бойы бақылауды жүзеге асырады.
Алматы қаласы әкімдігінің 2016 жылғы 8 сәуірдегі №2/122 қаулысына сәйкес көлік қозғалысының жүктемесін және қоршаған ортаға түсетін антропогендік әсерді азайту мақсатында аумаққа көлік құралдарының кіруіне шектеу қойылған.
Кіруге рұқсат етіледі:
- электр көліктеріне;
- арнайы техникаға;
- коммуналдық, жедел және авариялық қызметтердің көліктеріне;
- Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кіруге құқығы бар көлік құралдарына.
Сонымен қатар Алматы қаласы әкімдігінің 2023 жылғы 6 наурыздағы №1/166 қаулысына сәйкес іштен жанатын қозғалтқышы бар көлік құралдарының жекелеген санаттарына қосымша шектеулер енгізілген.
Бүгінгі таңда 18 630 электр көлігі тіркелген.
Парктің негізгі міндеттері
- мемлекеттік табиғи қор мен табиғи кешендерді сақтау;
- экожүйелерді қорғау және қалпына келтіру;
- табиғатты қорғаудың заманауи әдістерін қолдану;
- халыққа экологиялық ағарту жұмыстарын жүргізу;
- экскурсиялар, оқу және өндірістік тәжірибелер ұйымдастыру;
- реттелетін туризм мен демалысқа қолайлы жағдай жасау.
Парк аумағында тыйым салынады:
- табиғи нысандарды бүлдіруге;
- өзендерді, көлдерді, топырақты және су көздерін ластауға;
- қауіпті заттарды сақтауға;
- арнайы белгіленген орындардан тыс жерде от жағуға;
- жолдан тыс көлікпен жүруге және тұраққа қоюға;
- құстардың ұяларын, жануарлардың індерін және құмырсқа илеулерін бұзуға;
- ағаштарды заңсыз кесуге және бүлдіруге;
- құрғақ шөп пен жапырақты өртеуге;
- сәндік және дәрілік өсімдіктерді жинауға;
- малды өз бетінше жаюға және шөп шабуға;
- ағаштар мен тастарға жазулар мен белгілер салуға;
- парк әкімшілігінің рұқсатынсыз ғылыми-зерттеу және іздестіру жұмыстарын жүргізуге.