Жалпы сипаттамасы

«Баум тоғайы» мемлекеттік табиғат ескерткіші Алматы қаласының Түрксіб ауданында, Сейфуллин және Сүйінбай даңғылдарының аралығында, теңіз деңгейінен шамамен 750 метр биіктікте орналасқан. Аумағы 139,5 гектарды құрайды. Баум тоғайы – Алматы қаласындағы ең ірі әрі ең көне жасыл аймақтардың бірі.

Тоғай аумағы оңтүстіктен солтүстікке қарай 3,5 км-ге созылып жатыр, ені 0,4–0,8 км аралығында. Шығыс жағынан теміржол тармағымен, батыс жағынан Мойка өзенімен, ал солтүстік және оңтүстік жағынан тұрғын үй аумақтарымен шектеседі.

Құқықтық мәртебесі

«Баум тоғайы» мемлекеттік табиғат ескерткіші ерекше мемлекеттік қорғауға алынған табиғи аумақ болып табылады.

Алматы қаласы әкімдігінің 2017 жылғы 20 желтоқсандағы №4/550 қаулысына сәйкес нысан «Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» республикалық мемлекеттік мекемесінің қарауынан Алматы қаласының коммуналдық меншігіне берілді.

Қазақстан Республикасының «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Заңының 14-бабы 2-тармағының 7) тармақшасына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 26 қыркүйектегі №593 қаулысымен бекітілген республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар тізбесіне сәйкес, Баум тоғайына мемлекеттік табиғат ескерткіші мәртебесі берілген.

Қазақстан Республикасы Орман кодексінің 44-бабына сәйкес тоғай аумағы мемлекеттік орман қорының құрамына кіреді және ерекше қорғалатын орман аумақтарының санатына жатады.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 28 қыркүйектегі №932 қаулысымен бекітілген республикалық маңызы бар мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерінің тізіміне ғылыми, экологиялық және тарихи-мәдени құндылығы жоғары, өсімдіктер дүниесінің бірегей нысаны ретінде енгізілген.

Құрылу тарихы

Баум тоғайының тарихы 1854 жылдан бастау алады. Алғашқы кезде бұл аумақ көшет өсіруге арналған мемлекеттік тәлімбақ ретінде пайдаланылған.

image001

1868 жылы Верный қаласына белгілі агроном және орманшы Эдуард Оттович Баум келіп, 1877 жылы тоғайды қалпына келтіру және дамыту жұмыстарын басқарды.

Эдуард Баумның жетекшілігімен арық жүйесі салынды, төменгі тоған абаттандырылды және түрлі ағаш түрлері кең көлемде отырғызылды. Оның еңбегінің нәтижесінде тоғай қазіргі келбетіне ие болып, қала тұрғындары бұл аумақты «Баум тоғайы» деп атай бастады.

Туристік тартымдылығы

Баум тоғайы Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орындарының бірі болып табылады. Мұнда туризм мен рекреациялық қызметтің бірнеше бағыты дамыған:

  • ғылыми-танымдық туризм;
  • өлкетану туризмі;
  • велосипедпен серуендеу;
  • атпен серуендеу;
  • жаяу экскурсиялар мен серуендер;
  • спорттық жаттығулар мен жарыстар.

Келушілер өсімдіктер мен жануарлардың алуан түрін тамашалап, саялы аллеяларда тынығып, белсенді спорт түрлерімен айналыса алады.

Баум тоғайының қазіргі жағдайы және дамуы

Соңғы жылдары Баум тоғайында табиғи кешенді сақтау, экологиялық жағдайды жақсарту және тұрғындардың жайлы демалысына қолайлы жағдай жасауға бағытталған ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда.

2025 жылғы қыркүйек айында басталған кешенді абаттандыру жұмыстары аясында заманауи балалар ойын алаңдары, пикник аймақтары, воркаут алаңдары және памп-трек салынды. Белсенді демалысты ұнатушылар үшін тоғайдың бүкіл периметрін айналып өтетін велосипед жолы төселіп, теннис алаңы толықтай қайта жаңғыртылды.

Жасыл қорды сақтау мен экологиялық қауіпсіздік мәселелеріне ерекше көңіл бөлінуде. «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында 2000-нан астам адамның қатысуымен жаппай сенбілік ұйымдастырылып, кәдімгі шаған ағашының көшеттері отырғызылды.

Келушілердің экологиялық мәдениетін арттыру мақсатында ерекше қорғалатын табиғи аумақтағы тәртіп ережелері, өрт қауіпсіздігі талаптары және басқа да пайдалы ақпарат қамтылған ақпараттық аншлагтар орнатылды.

Сонымен қатар, жасыл желектерді зиянкестерден, паразиттерден және түрлі аурулардан қорғауға бағытталған төрт кезеңнен тұратын биологиялық өңдеу жұмыстары басталды. Бұл шаралар Баум тоғайының бірегей экожүйесін сақтап, оны келешек ұрпаққа табиғи қалпында жеткізуге мүмкіндік береді.

Баум тоғайының маңызы

Баум тоғайы Алматы қаласы үшін экологиялық, мәдени және рекреациялық маңызы зор табиғи нысан болып табылады. Ол биологиялық әртүрлілікті сақтауға, мегаполистің экологиялық ахуалын жақсартуға, сондай-ақ халықтың демалуына, экологиялық ағартуға және табиғатты танып-білуіне қолайлы жағдай жасайды.