Алматы айнадай болады. Биыл мамандар қаладағы өзендер мен арықтарды қоса есептегенде, 15 шақырым жерде мұнтаздай қылуды жоспарлап отыр. Қазірдің өзінде кәріз суын арыққа жіберген тұрғындарға айыппұл салынуда.
«Таза жағалау» шарасы бірінші маусымда басталған. Осы уақыт аралығында табиғат жанашырлары қалада біраз жұмыстың басын қайырып тастапты. Соның бірі - кәріз суын арыққа заңсыз қосқандар мәселесі. Бұл жолғы рейд Түріксіб ауданындағы тұрғындарға бағытталды.
Ай басынан бері кәріз суын өзенге заңсыз қосып алған тұрғындардың атына 10 хаттама толтырылып, жалпы сомасы 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды. Ал, осы тексеру жұмысы барысында екі үйдің заңсыз құбыры анықталды. Олар 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл арқалады.
«Аудандық экология мамандары арықтар мен өзендерді тексеру жұмыстарын жүргізді. Барлаудың нәтижесі бойынша, кәріз суын заңсыз түрде арыққа жіберудің 50 фактісі анықталды. Заңсыздықтың көбі Түріксіб ауданында. Қазір арықтар мен өзенге заңсыз қосылған құбырларды жабу жұмыстары жүруде»,- деді Алматы қ. мемлекеттік экология инспекциясы басшысының орынбасары Нұрлан ДӘНДІБАЕВ.
Биыл жоспар бойынша 15 шақырымды құрайтын 8 өзен мен арық жаңартылмақ. Оған 2 млрд теңге қаржы бөлінген. Осы мақсатта Жетісу, Түріксіб, Медеу және Алатау аудандарында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Нақтырақ айтқанда, өзен арналары тазартылып, сайдың тасы темір тормен тоқылады. Соңында беті бетонмен бекітіледі.
«Биыл 8 өзенде жұмыс жүріп жатыр. Мынау біз тұрған кәзір нысандардың бірі -Түрксіб ауданындағы Сұлтан Қарасу өзені. Биылғы жоспар бойынша, 15 шақырымға жуық өзен арналарын нығайтып, қатайту жұмыстары атқарылады деп жоспарлап отырмыз»,- деді Алматы қ. табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Айдын ТЕМЕШЕВ.
Жалпы қала бойынша 220 шақырымды құрайтын 22 өзен мен арық бар. Оның 9 жылда 90 шақырымы жаңғыртылды. Оған қоса, күні кеше қала аумағына қосылған ауылдардың арықтары тағы бар. Яғни, Алматы қаласының өзені мен арығы тағы 90 шақырымға ұзарды.