1391Сарша тамыздың соңғы онкүн­дігінде ауа-райы алабұртып, аптап ыстығын азайтпай тұр. «Ақшамның» қазақы пайымдаушысы Сәрсенбек ақсақалдың жорамалына сенсек, Сартамыз амалы тамыздың 20-жаңасынан айдың соңына дейін жалғасады. Сартамыз сөзі тамыз айының соңы деген мағынаны білдірумен қатар жасыл-желектің сарғаюын, күз маусымының жақын қалғанынан хабар береді. Сәкеңнің айтуынша, осы мерзімде ауа-райының қызуы көтеріліп, аптап ыстық кемел шегіне жетеді. Төрт түлік малдан күй кетеді. Мал шелденіп тойынбаса қыста қалың қар болып, қазақ жұрты «қайың сауған» деп кеткен жұт болуы ықтимал.

Берік СӘДУАҚАС

Сәкеңнің болжамын «Қазгидромет» орталығы да мақұлдай бастады. Батыс, оңтүстік аймақтарда күннің ысуы +40, +43 градусқа дейін жетеді деп отыр олар. Мұны біз не үшін айтып отырмыз? Соңғы онкүндікте алапат аптаптың сақталуы, табиғи шөп-шіліктің құрғақшылыққа бой алдыруы өңмендеген өртке себепкер болуы жүз пайыз мүмкін.

Біз Медеу аудандық Экология инспекциясының жетекшісі Айдос Жолдасбековқа хабарласып, қазіргі таңда қандай жұмыстар қолға алынып жатқандығын сұраған едік.

– Шынымен де аптап ыстық өршеленіп барады. Жамбыл, Орал, Ақтөбе облыстарында табан астында өрт шығып, табиғатқа, өңір эконо­микаларына орасан зардап келіп келіп отырғандығын естіп жүрміз. Аудандық экология инспекциясы осындай төтенше жағдайдың алдын алу шараларын тұрақты жүргізіп келеді. Аудан аумағындағы саябақтарда, гүлзарларда демалушылармен түсін­діру жұмыстарын өткізуге күш саламыз. Әсіресе, Көктөбе баурайын­дағы Медеу мемлекеттік паркінде қаланың аптап ыстығынан қашып, саялы көлеңкеде демалатындардың саны артуда. Біз аудандық ішкі істер басқармасы, ТЖБ органдарымен бірлесіп, аптаның жеті күніне де рейдтер ұйымдастырып отырамыз. Сенбі, жексенбі және мерекелік күндерде қалалықтардың қарасы 4 мыңға дейін жетеді ол жақта. Дема­лысқа шыққаннан кейін белгілі ғой, тамақ дайындайды, кәуап пісіреді. Бей-берекет от жағады. Нақты дерек келтірер болсақ, өткен шілде айынан бүгінгі күнге дейін 135 өрт қауіп­сіздігін бұзған тұлғалар анықталып, 34 жеке тұлғаға әкімшілік Кодекстің баптары негізінде айыппұл салынды. 100-ден аса тұлғаға хаттама толты­рылып, ескерту жасалды, – дейді ауданның бас экологы.

Төтеннен пайда бола кететін өрт амалының тілсіз жау екенін бәріміз білеміз. Олай болса, тау бөктерінде отбасыңызбен беймарал сейіл құрып, аптап ыстықтан ықтасын іздегенде аса сақ болғаныңыз жөн, ағайын. Таби­ғатты саялай да, аялай да білейік.