Әкімнің тұрғындармен есептік кездесуіне көкейіндегісін сұрауға келгендер көп болды. Әуелгі сауалға ұстаздардың жалақысы арқау етілсе, кейінгілері білім беру саласындағы солқылдақ тұсты білгісі келді.
Республика сарайының залына Есімовтің есебін тыңдауға келген есіл жұртта есеп болмады. Саясат, экономика, мәдениет саласындағы жетістіктеріміз бен болашаққа деген мақсат-мүддеміз шегеленген соң, бұқара базынасын айтуға көшті. Қала аумағына қосылған Наурызбай ауданының мектептері мен балабақшалары тілге тиек етілген өзекті мәселелердің бірі болды. Сорақысы сол, Алматыдай алып шаһардың 10 мектебінде әлі күнге дейін дәретхана мәселесі оң шешімін таппаған. Оқушылар қақаған аязда да, жаңбырлы күнде де ауладағы дәретханаға баруға мәжбүр.
«Қазір қала аумағына кірген аймақтардың мектептерінде дәретхана мәселесін қарастырып жатырмыз. Бүгінде он мектепте дәретхана жоқ»,- деді Алматы қаласы Білім басқармасының басшысы Рахат ШИМАШЕВА.
«Қаламыздағы ең алғашқы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы осыдан тура 2 жыл бұрын Алатау ауданында бой көтерген еді. Бастапқыда бұқараға қызмет тез әрі сапалы көрсетілетін. Алайда кейбір пысықайлар бұл мекемеде жемқорлықпен айналысып, құйтырқы әрекеттерін жүзеге асырған. Қазір ішкі істер департаменті мәселенің мән-жайын тексеруде. Ал жаңа орталықты Құлжа тас жолының бойында саламыз деп жоспарлап отырмыз»,- деді Алматы қаласының әкімі Ахметжан ЕСІМОВ.
Шаһардағы муниципалды көліктердің бүгінгі бет-бейнесі мен санитарлық жағдайы халықтың көңілінен шығып отыр. Толықтай газбен жүріп, экологияға зиянын тигізбейтін автобустар мен троллейбустарды марқая бір мақтаған тұрғындар болашақта барлық қоғамдық көліктердің осындай деңгейде болуын талап етті.
Кездесуде ұстаздар қауымы да ойдағысын бүгіп қалмады.Әкімнің былтыр ең үздік 1000 мұғалімге 300 мың теңге көлемінде сыйақы беруі биыл жалғасын таба ма деген сауал көптің көңілінде жүр екен.
«Биыл да ол болады. Бастысы одан жақсы нәтиже күтеміз. БҰТ-де биыл жақсы нәтижеге қол жеткіземіз бе?! Егер алатын болсақ, дәл сондай аласыздар. Егер жоқ болса, онда ойланамыз»,- деді Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов.
Алғашқы әскери дайындық сабақтары бұдан былай жарылғыш заттардың сұлбаларынсыз өтеді. Тіптен, қағаз, қатырма макеттерде оқ дәрілерді оқтау мен дайындауды үйретуге де тыйым салынады. 14 қарашада сән және дизайн колледжінде орын алған қайғылы оқиға қала ақ жағалыларының осындай шешімге келуіне әкеп соққан. Жалпы қала әкімі 40 адамның сауалын тыңдап, әр мәселеге тыңғылықты жауап беруге тырысып бақты.