Алматының коммуналдық қызметтері қала көшелерін қардан тазалау жұмыстарын алдағы екі тәулікте аяқтауды жоспарлап отыр. Бұл туралы Almaty.tv тілшісіне Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Еркебұлан Оразалин мәлімдеді. 

«Алдағы екі тәулікте қала көшелерін қардан тазалаймыз. Күндіз және түнгі уақытта жұмыс істейтін арнайы кезекшілікті құрамыз. Сонымен қатар, жүргіншілер жүретін жолдарды тазалау жұмыстарына аса назар аударудамыз. Көшелерді қардан тазалау жұмыстары жалғасын табуда», - деді Оразалин.

Қала көшелерінің 70 пайызы республикалық және жалпы қалалық деңгейдегі көшелердің есебіне кіреді. Осы көрсеткіш бойынша жүйелі түрде қарды тазалау және оны шығару жұмыстары қарастырылған.
 
«Кешелі бері жауған қардың мөлшері қалада 25 см-ге жеткен. Ал таулы аймақтарда 50 см-ді құрады. Қала көшелерін қардан тазарту үшін түнгі уақытта 465 арнайы техника жұмылдырылған. Сонымен қатар, 800-ден астам адам жұмыс істеді. Күндізгі және түнгі уақыттарда аудандық әкімдіктерде кезекшілік қарастырылған. Техника саны азаймайды. Түнгі уақытта қаланы тазалау мақсатында 400-ден астам арнайы техниканы шығарамыз», - деді Оразалин.