Алматы көшелерін кешелі бері жауып жатқан қардан тазалайтын арнайы техника дайын. Бұл туралы Almaty.tv тілшісіне Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Еркебұлан Оразалин мәлімдеді.
«Коммуналдық қызмет мекемелері өздерінің техникаларын жазғы тәртіпке, яғни су сепкіштер және өзгеде құралдарға ауыстырды деген сөз шыққан. Бұл шындыққа жанаспайды. "Қазгидрометтің" алдағы күндері қар жауады деген ақпаратынан хабардар болдық. Сондықтан құм себетін құрылғыларды сол қалпында қалдырған болатынбыз. Естеріңізде болса, 2012 жылы желтоқсан айында қалың қар жауған болатын. Сол кезде қалада шамамен 30 см қар түскен. Бүгін де ақ ұлпа дәл сондай мөлшерде жауды. Бірақ сол уақыт пен қазіргі кездің арасында үлкен айырмашылық бар. Қосымша көптеген техникалар алынды», - деді Еркебұлан Оразалин.
Десе де, көптеген көлік иелері темір тұлпарларының дөңгелектерін ауыстырып үлгерген.
«Ауа температурасы төмен. Таулы жерлерде температура 16 градусқа дейін, ал қалада 10 градусқа дейін төмендеді. Жолдарды мұз басуы ықтимал. Көптеген автокөлік иелері жазғы дөңгелектерге ауыстырып үлгергендіктен, біз жолдарға құм себіп, тазалау жұмыстарын жүргізіп, жолдағы қауіпсіздік шарасын барынша қамтамасыз етіп жатырмыз», - деді Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары.