Алматылық экологтар жыл басынан бері табиғатқа залал келтіріп, күл-қоқыспен ластаған тұрғындарға мыңнан астам хаттама толтырған, деп хабарлайды «Хабар 24». Ал Табиғатты қорғау полициясы қала аумағының тазалығына зиян келтірген тұрғындарға жыл басынан бері 64 миллион теңгеден астам айыппұл салды. «Табиғатты аялауды бала күннен үйретпесек, тек айыппұлмен мәселені шешу қиын болып тұр», - дейді мамандар. Ұлан Нарынбек, тілші: - Мына кешен Сүйінбай көшесінің бойында тұр. Астында дүкені, көлік жуатын орындары бар. Ал, екінші қабатында монша орналасқан. Кәсіпкердің бизнесі жаман емес сияқты. Бірақ пайданың көзін тапқан азамат табиғатқа да, көршісіне де жаны ашымайтын көрінеді. Жуынды судың барлығы бірнеше жылдан бері ғимараттың артқы жағындағы кішкентай өзенге төгіледі. Кешен иесі бұл әрекетіне түсініктеме беруден бас тартты. Тұрғындар болса, «қолқаны қапқан иістен әбден шаршадық» дейді. Виктория Богданова, қала тұрғыны: - Былтыр да учаскелік полицияға айтып, санитарлық эпидемиологиялық станция мамандарын шақырғанбыз. Айыппұл салды. Бірақ бұл азамат оны да елеп отырған жоқ. Егеуқұйрық, маса көп. Ыстықта сасиды. Балаларымызды көшеге шығаруға қорқамыз. Ұлан Нарынбек, тілші: - Қоршаған ортаны қорғау және экология бөлімінің мамандарымен бірге Сұлтан өзенінің бойына бардық. «Табиғатты қорғау аймағы» деп тайға таңба басқандай жазылған. Дегенмен, кейбір адамдар бұны елер емес. Мысалы, мына үйде жалға берілетін 15 шақты бөлме бар екен. Үй орталық кәріз жүйесіне қосылмаған. Не арнайы шұңқыр жасамаған. Енді нәжіс аралас қалдық су Сұлтан өзенін ластап жатыр. Ялкун Аметов, үйдің иесі: - Айыптымыз. 25 қыркүйекке дейін олқылықты түзейміз. Бұған дейін кәріз суын өзенге құюға болмайтынын білмедік. Бөлмелерді жалға бермеймін. Өзімнің туыстарым, ағам мен әпкем тұрады. Заң бұзғандар әзірге айыппұлмен құтылды. Берілген мерзім ішінде кемшілік түзелмесе, әңгіме басқаша болады. Қайрат Тоқтасынов, Жасыл экономика басқармасының бөлім басшысы: - Бізде жаңағы құзырлы органдар бар. Табиғатты қорғау прокуратурасы бар. Ол кісілер тарапынан шешім қабылданады. Көбінесе жер үйлер бар жерде сондайлар кездеседі. Далаға шығарып қояды, өзенге шығарып қояды. Сондайлармен күрес жүргізіп жатырмыз. Ұлан Нарынбек, тілші: - Бала күндеріңіз естеріңізде болар. «Аққан суда арам жоқ, құлағымда жарам жоқ», деп осындай ағып жатқан өзеннен алақанмен су алып сіміріп жіберуші едік. Ал мына жағдайды көрген соң бұл суды ішпек түгелі, жуынудың өзіне қорқасың. Авторлары: Ұлан Нарынбек, Сержан Жұмабаев Осы категория бойынша: « Сексеуіл кесуге жарияланған мораторий Сыр өңіріндегі орман қорының ұлғаюына мүмкіндік берген Алматыда итальяндық білікті дәрігер көмей ісігі бар балаларға операция жасады »
Источник: https://24.kz/kz/zha-aly-tar/o-am/item/339170-almatyda-k-riz-suyn-zenge-a-yzyp-kelgen-k-sipker-ajypp-lmen-tyldy