Шара барысында «Медеу» табиғи паркінің бөлім мамандары саябаққа демалуға келген қала тұрғындары мен қонақтарына Қазақ хандығының 550 жылдығына орай дайындалған кітапшалар таратты.

Қазақтың қасиетті жерін көзінің қарашығындай қорғаған қазақ батырлары бейнеленген кітапшалар «Медеу» мемлекеттік өңірлік табиғат паркінің тарихымен таныстырады.

Сондай-ақ, қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген кітапшалар демалушыларды ерекше қорғалатын табиғи аумақта тыйым салынатын және тазалық сақтау ережелері туралы да ескертеді.

Алаштың алып батырларының бейнесімен безендірілген бұл кітапшалар саябақта қыдырып жүрген қонақтардың ерекше қызығушылығын тудырды.

Мамандар оларға парк аумағында өрт қауіпсіздігі мен көрік­тендіру ережелерін бұзбау қажеттігін түсіндірді. Өздерінің сүйікті саябағы туралы маңызды мәліметтермен танысқан алматылықтар Медеу паркінің тамылжыған табиғатын аялауға және таза ұстауға баршаның үлес қосуы қажет екендігін жеткізді.

Көркіне көз тоймайтын Медеудің қонақтарына бұл күні екі мың кітапша таратылды.