161-300x280Бәйшешек – Қызыл кітапқа енген гүл болғандықтан, оны сақтауға тура келеді. Көктемнің басында жаппай шешек ататын бәйшешекке «көз алартушылар» көп. Оны саудалап, табыс тапқысы келетіндер де осы кезде қарап қалмайды. Осылайша, қыр күлін бей-берекет жұлатындардың өрескел ісі тыйылмайтын болса, көктем хабаршысына айналған гүлдің суретін ғана көретін боламыз. Алматыда да ғұмыры қысқа бәйшешек гүлін саудаға салатындардың қарасы көбейеді. Жылдағы наурызда қала көшелерінде бұл гүлді жиі ұшыратуға болады. Сатып алушылар да жетерлік.

Көбіне Іле, Жетісу, Күнгей Алатауының баурайында өсетін бәйшешек гүлінің қазіргі тағдыры ойлантпай қоймайды. Табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері Қызыл кітапқа енген гүлді заңсыз жұлып, саудалаушыларға тыйым болмай отырғанын айтады. Егер бәйшешекті саудалағандардың гүлді табиғи қорықтардан жұлғаны анықталған жағдайда 3 мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Медеу аудандық ІІБ табиғатты қорғау полиция бөлімінің басшысы Өмірбек Тоқсанбаев бәйшешекті заңсыз жұлған тұлғаның қылмыстық жазаға тартылатынын, үш жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін екенін айтады. Өсімдіктің бұл түрінің сиреп бара жатқанын ескерген табиғат қорғаушылар оны 2006 жылдан бері Қызыл кітапқа тіркеген екен. Сондықтан бәйшешекті байқап жұлған жөн.

«Ақшам-ақпарат».