Жақында Медеу ауданы әкімшілігі Бекхожин көшесінің бойында тұратын тұрғындар тарапынан келіп түскен арыз-шағымдар бойынша рейд жүргізді.
«Даудың басы Дайрабайдың көк сиырынан басталды» демекші, көше бойындағы дөңгелек жөндейтін «вулканизацияға» айналған ескірген автобус мұндағы келеңсіз оқиғаның ең басты себебі болды. Астыңғы жағы қоқысқа толған ескі автобус көшенің келбетін бұзып тұрғанына бірнеше айдың жүзі болған. Көнерген көлікпен қатар, жан-жағындағы жар салған жарнамалар да көшенің көркін кетіріп тұр. Үстінен арыз түскен азаматтың «вулканизация» жасаған автобусқа жолдың қарсы жағында орналасқан үйінен электр сымын тартуы көліктердің қозғалуына едәуір кедергі келтіріп тұрғаны тағы бар. Аудандық әкімшілік өкілдерінің мәліметінше, қаланың қақ ортасындағы ескі көлігін көшенің бойынан алып тастамаған қожайыны аудандық экология инспекциясының өткен жылдан бері жасаған бірталай ескертулеріне мүлде құлақ аспаған. Сондай-ақ, әкімшілік өкілдеріне осыдан бір ай бұрын қаңтар айының 12-сіне дейін автобусты көше бойынан алып тастайтыны жөнінде кепілдік хат жазған азамат берген уәдесін әлі күнге дейін орындамаған. Ескертулерден ешқандай нәтиже шықпаған соң, бұл мәселені шешу үшін аудандық экология инспекциясының өкілдері БАҚ-қа жүгінуге мәжбүр болған. Ал, көлік иесі Нұрлан Құдайбергеновтің айтуынша, әбден тозығы жетіп, тот басқан автобусты вулканизацияға айналдыруға үйдегі бала-шағасын асырау үшін өмірдің өзі мәжбүр қылған.
– Алматы қаласының аумағын көріктендіру ережесіне сәйкес, 505-бапқа байланысты әр азамат өз ауласын таза ұстауға тиісті. Алматы қаласының көріктендіру ережесін бұзғаны үшін азамат Нұрлан Құдайбергеновке әкімшілік құқықбұзушылық хаттама толтырылып, 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Енді ол бұдан былай өз ауласының айналасын таза ұстауға уәде етті. Табиғатты қорғау инспекторларымен бірігіп, заңда көрсетілген тиісті шараларды қолданып, бұл маңызды мәселені соңына дейін шешуге тырысамыз. Алматы қаласының барша тұрғындарын шырайлы шаһарымызды таза ұстауға шақырамыз, – деді Медеу ауданы экология инспекциясының басшысы Мақсат Ескендіров.
Алматы қаласының аумағын көріктендіру ережесіне сәйкес, Медеу ауданы экология инспекциясының бөлімі тазалық пен тәртіпті қамтамасыз ету, көшелер, алаңдар мен саябақтардың таза болуын қадағалау, көгалдандыру және жасыл желектерді күту, қала аумағын тазалау, суару, қоқыстарды жинау, қыс мезгілінде қарды жинау, өзендер мен бұлақтарды қоқыстан тазарту, субұрқақтарды күтіп ұстау тәрізді бірқатар маңызды жұмыстарды атқарумен айналысады.
– Медеу ауданы экология инспекциясы табиғатты қорғау инспекторларымен бірігіп, «ҚР әкімшілік құқықбұзушылық» туралы кодексінің 387-бабына сәйкес, өткен 2014 жылы 465 мекеме орындарына әкімшілік хаттама толтырды. Оның ішінде, ЖПИК-не – 109, қоқыс шығаратын мекемелерге – 5, мердігер ұйымдарға – 11, заңды және жеке тұлғаларға – 340 әкімшілік жаза қолданған. Жалпы сомасы 4 208 102 теңгені құрайды. Ал, 2015 жылдың басынан 20 мекеме ұйымына, оның ішінде ЖПИК-не 7 рет әкімшілік жаза қолданылды. Жалпы сомасы 614 420 теңгені құрайды. Бүгінгі таңда қаламыздың тазалығына байланысты жоспарға сәйкес жұмыстар жүргізілуде. Алматы қаласының экологиясының жақсаруына игі әсерімізді тигіземіз деген үміттеміз, – деді Медеу ауданы экология инспекциясының басшысы Мақсат Ескендіров.
Балнұр Ахмет