Медеу ауданында «Таза бейсенбі» шарасы өтті
Осы айдың бас кезінде халықаралық Экология күнінде бастау алған «Тазалық айлығы» барысында қаладағы саябақтар, гүлзарлар, көше арықтары мен өзен жағалауларына аудан әкімдіктерінің ұйытқы болуымен бірнеше рет сенбіліктер ұйымдастырылды. Әсіресе, қоршаған ортаны қоқыс қалдықтарынан арылтуда Медеу ауданы экологтарының іс-қимылдары ширақ көрінуде.
Екі-үш апта бұрын «Думан» ықшамауданындағы Тіксай өзені аңғарындағы тазалық шаралары мен Медеу паркі аумағындағы рейд барысы туралы жазған едік. Өткен аптаның бейсенбісінде кіші Алматы өзені сағаларына тазалау жұмыстары одан әрі жалғасты. Тазалық «бейсенбісіне» аудандағы «Достық» мердігер компаниясының жұмысшылары мен өзен ернеуіне жақын орналасқан шағын кәсіпкерлік нысандары қатысты. Атап айтқанда, «Алтынай» кафесінің, «Геометрия» ТЖО қызметкерлері мен шағын дүкендердің сатушы өкілдері Республика сарайы тұсынан төменге қарай Төле би көшесіне дейінгі қашықтықта 5 текше метр қоқыс қалдықтарын жинады.
– Мұндай экологияны сауықтыру шараларын күнара ұйымдастырып отырамыз. Қазір қала жұрты бұл сауапты іске де үйреніп қалды. Сенбілік өтетін тұстағы офис, дүкен, тағы басқа нысандардан тұрғындар, қызметкерлер өз еріктерімен шығатын жағдайға жетті. Сондай-ақ, Медеу паркі аумағына да сенбі, жексенбі күндері тұрақты түрде рейдке шығамыз. АІІБ, ТЖБ өкілдері де атсалысып жасыл-желекке, тылсым табиғатқа зиян келтірген демалушыларды тәртіпке шақырып отырады. Белгіленген заңнама аясында бұл сенбіде 2 АЕК мөлшерінде айып салынса, 28 адамға ескерту беріліп, хаттама толтырылды. Көпшілігі қоқыс қалдықтарын қалдырып, рұқсат етілмеген жерде от жаққан, тамақ-су әзірлеген. Ал бұл әрекеттер қазіргі маусымда тым қауіпті.
Расында да, бүгінгі күні тексеруші құзырлы орган өкілдерінің аса сақтық амалдарын жасағандары жөн. Алдын алу шаралары тұрақты жүрмесе, қауіпсіздікті ескермесек, кейін кеш болуы мүмкін. Қазір байқасаңыз, тек демалыс күндері ғана емес, аптаның жұмыс күндерінде де саябақтардағы бей-берекет «серуен-тойларды» ілуде бір болса да ұшыратуға болады. Шілденің шіліңгірі әлі алда екендігін есімізден шығармайық.