Жастар «Баум тоғайы» табиғи паркінің аумағында Халықаралық «Құстар күнін» атап өтті

Халықаралық «Құстар күні» 1906 жылғы 1 сәуірде Құстарды қорғау туралы халықаралық конвенцияға қол қойылған кезден бастап атап өтіле бастады.

Рая ЕСКЕНДІР

Бұл мереке Қазақстанда 2006 жылдан бері өткізіліп келеді. Парк аумағында Құстар күні жыл сайын өткізіліп тұрады. Барлық қаты­самын деуші адамдар өздері­нің құс ұяла­рымен  келіп, осы іс-шараға қатыса алады.

Бұл мереке наурыз-сәуір айларында құстарға деген сүйіспеншіліктің керемет үлгісін көрсетіп, құстардың өз балапанда­рын туған жерлерінде шығаруы үшін мыңдаған шақырымды бағындыруымен де маңызды.

Мереке экологиялық мәдениетті қалып­тастыру және жалпы білім беру мекемелерінің білім алушыларын қоршаған ортаның экологиялық жағдайын зерттеуге және табиғатты қорғауға тарту мақсатында өткізіледі.

Іс-шара барысында Алматы қаласының №173 мектеп-лицей оқушылары мен «Медеу» МӨТП КММ қызметкерлері бірле­сіп, өз қолдарымен жасалған 25 дана құс ұясын ілді. Белсенді оқушылар  мен мектеп басшылығына алғыс хаттар берілді. Сондай-ақ, «Баум тоғайы» ТП аумағында қызметкерлер осы іс-шараға арналған сенбілік өткізді.

– Осындай іс-шаралар арқылы мектеп оқушылары табиғатты сүйіп, оны көздің қарашығындай сақтауды үйренгендері анық. Сондықтан біз алдағы уақытта да осындай іс-шараны жалғастыра беретін боламыз, – дейді №173 мектеп-лицей басшысы Ләйлә Мұхамеджанқызы.