Алматыда ПИК қызметі оңалмай тұр. Тексерушілер жыл басынан бері оларға 92 хаттама толтыртыпты. Түгелі аула тазалығына немкетті қараған.
«Матай» пәтер иелері кооперативінің бас маманы жауаптан осылай жалтарды. Айтуынша, қоқысқа толып қалған 10 сотық аумақ тұрғын үй мен көлік тұрағының ортасында орналасқан. Екі жақтың арасындағы жерді аула тұрғындары қоқысқа көміп тастапты. Бассыздықты көрген табиғатты қорғаушылар екі тарапқа да ескерту жасап, ортақ жерді тазалауды жүктеді.
«Жаңа жылдан бастап еліміздің заңнамасына сәйкес, әкімшілік айыппұлдың сомасы өзгерді. Яғни, жеке тұлғаға 20 айлық есептік көрсеткіш, заңды тұлғаға және ПИК өкілдеріне 30 айлық есептік көрсеткіштен 100 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады»,- деді Алматы қ. ІІД Бостандық аудандық табиғатты қорғау полиция бөлімінің басшысы Қуаныш Жайсаңбаев.
«Жандосов 34» атты пәтер иелері коперативінің төрайымы да, тұрғындарға кінә артуда. Сөзінше, пәтер қожайындары үйіндегі қоқыс толған қапты жәшікке емес, көз көрген маңға тастап кетеді. Себебі, бұл жерде трансформатор, су қоймасы мен жеке көлік тұрақтары орналасқан.
«Басқа кім болушы еді. Бұл жерді қоқысқа толтыратын, әрине, тұрғындар. Олар осы маңды қоқыс тастайтын алаң етіп алған. Оның үстіне бұл жер біздің ПИК аумағына кірмейді»,- деді «Жандосов 34» ПИК төрайымы Светлана Тілекенова.
Қыс бойы жиналған қоқыс Наурыз мерекесіне дейін тазалану керек. Сол себепті экологтар мен табиғатты қорғау полициясы күн құрғатпай қаланы тазалыққа шақыруда. Мәселен, бүгінгі тексерістің нәтижесінде, Бостандық ауданында орналасқан 90 пайыз үйдің ауласы айнадай болыпты. Ал, қала бойынша аула тазалығы 60 пайызға атқарылған.
«Тек қана айыппұл салуымен ғана шектеліп жатқан жоқ. Күнделікті ескерту жұмыстары да жүргізіліп отыр. Тазалау жұмыстары 60 пайызға атқарылды»,- деді Алматы қ. қоршаған ортаны қорғау және экология бөлімінің басшысы Алмасбек Сәттібаев.
Жыл басынан бері Алматы ауласына жауапсыздық танытқан ПИК төрағаларына 92 әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы сомасы 3 миллион 600 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салыныпты.
Аршын Кемелжан, Талап Сағымбаев, «Алматы» телеарнасы