Өртті ерте анықтауға, жағдайды жедел бағалауға және төтенше жағдайлар қызметіне шұғыл хабарламалар жіберуге арналған заманауи кешенді мониторинг жүйесі. Тәулік бойы бақылауды қамтамасыз ету үшін жерүсті бақылау мұнараларын, оптикалық-электрондық кешендерді және жылу бейнелеу құрылғысы (тепловизор) жабдықтарды біріктіреді.
«Алматы қ. Экология және қоршаған орта басқармасы» КММ «Медеу» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі» КММ (бұдан әрі – Парк) табиғат қорғау мемлекеттік мекемесі мәртебесіне ие. Парк Алматы қаласы әкімдігінің 2001 жылғы 10 желтоқсандағы №3/332 қаулысы негізінде құрылған және Алматы қаласының Әділет басқармасында 10.01.02 ж. № 32397-1910-ММ болып тіркелген. Мекеменің құрылтайшысы Алматы қаласының әкімдігі, ал басқару органы «Алматы қаласының Экология және қоршаған орта басқармасы» КММ болып табылады. Парк алып жатқан аумақ Медеу, Шымбұлақ, Бутаковка шатқалдарын, «Баум тоғайы» табиғат ескерткішін қамтиды және 845,9 гектарды құрайды.
«Медеу» МӨТП теңгерімінде Парк пен «Баум тоғайы» аумағына әуеден бақылау жүргізуге арналған 4 квадрокоптер, екі Беларус 82.1 тракторы, 1 дана Уаз «таблетка» автокөлігі, екі дана «Нива» автокөлігі, 1 дана тіркемелі су таратушы бар, сондай-ақ 2023 жылы өрт сөндіру құралдарымен жабдықталған УАЗ автокөлігі базасында екі ШОӨК (шағын орман патрульдік кешені) сатып алынды. Бұдан бөлек, орман өрттерін сөндіруге арналған өртке қарсы құралдар бар: 30 отшапқыш (хлопушка), 18 күрек, 18 шелек, 9 ара, 6 балта, 4 құм жәшігі, 6 аспалы (ранцевый) өртсөндіргіш, 9 бензин арасы.
Сөйлесулерді жазу және геопозициялау функциясы бар GSM байланысындағы 38 тасымалы рация сатып алынды, барлық инспекторлар рациямен қамтамасыз етілген.
Президенттің 11.06.2023 жылғы № 23-01-13.2 хаттамалық тапсырмасын орындау аясында, өткен жылы Алматы қаласының әкімдігімен «Медеу» МӨТП аумағында өртті ерте анықтау жүйесін орнату үшін қаражат бөлінді.
Жүйені орнату бойынша барлық жұмыстар өткен жылдың соңында аяқталды. Өртті анықтау 360 градустық шолуы бар және 30 км-ге дейінгі радиустағы жағдайды тіркейтін, қамту аумағы 10 мың гектарға дейінгі бейнебақылау камераларының көмегімен тәулік бойы жүзеге асырылады. Жүйе құрамында жылувизор мен аса сезімтал бейнекамераның болуы оны тіпті тас қараңғыда да тиімді етеді.
Бейнебақылау камералары 3 учаскеде – Шымбұлақта, Медеуде және Бутаковка шатқалында орналасқан діңгек-антенналық құрылыстарға орнатылған. Бейнебақылау жүйелерінен ақпарат тиісті байланыс арналары арқылы «Медеу» МӨТП жанындағы Жедел басқару орталығына түседі.
Өртті ерте анықтау жүйесі – бұл орманды мониторингілеуге арналған бағдарламалық-аппараттық кешен, ол шұғыл әрекет ету шараларын қабылдауға және өрт қаупі бар маусымда орман өрттерінен келетін шығынды айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді. Аппараттық-бағдарламалық кешен құрамына мониторлары бар бейнеқабырға орнатылған және диспетчерлер үшін жұмыс орындары ұйымдастырылған Жедел басқару орталығы, дербес бақылау пункттері (діңгек-антенналық құрылыстар) кіреді.
Инфрақызыл көру мүмкіндігінің арқасында бейнебақылау камералары тәулік бойы жұмыс істейді және түтінді тіпті түнде де анықтай алады.
Осы мақсаттар үшін жергілікті бюджеттен 250 млн теңге бөлінді. Өнім беруші – «Байланыс Телеком энд Технолоджи» ЖШС.
Сондай-ақ, соңғы бес жылда «Медеу» МӨТП аумағында өрт оқиғаларына жол берілмегенін атап өткен жөн.
2024 жылы - 3 өрт тіркелді
2025 жылы - 3 өрт тіркелді